Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) ресми сайтында жыл сайынғы WTA Awards сыйлығының үміткерлерін жариялады. Тізімге Қазақстанның екі өкілі енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2026 жылдың үздік теннисшісі атағына бес спортшы үміткер. Олардың қатарында маусым ішінде екі Үлкен дулыға турнирін — Australian Open мен US Open-ды жеңіп алған Елена Рыбакина бар. Қазақстандық спортшы әлемнің бірінші ракеткасы ретінде дебют жасап, жылды осы мәртебемен аяқтады.
Бұл номинацияда сондай-ақ беларусь Арина Соболенко, ресейлік Мирра Андреева, чех Линда Носкова және украиналық Элина Свитолина ұсынылған.
Жұптық разряд өкілдері арасында «Жыл дуэті» атағына қазақстандық Анна Данилина мен серб Александра Крунич үміткер. Олардың қарсыластары — Габриэла Дабровски (Канада) мен Луиза Стефани (Бразилия), Кристина Младенович (Франция) мен Го Ханьюй (Қытай), Катерина Синякова (Чехия) мен Тейлор Таунсенд (АҚШ), сондай-ақ Сара Эррани мен Жасмин Паолини (екеуі де — Италия).
«Жыл серпіні» номинациясына украиналық Марта Костюк, американдық Ива Йович, филиппиндік Александра Эала, ресейлік Диана Шнайдер және маусым соңында мансабын аяқтаған румыниялық Сорана Кырстя ұсынылды.
«Жыл жаңалығы» атағына поляк Майя Хвалиньская, чех Сара Бейлек пен Никола Бартунькова, австриялық Лилли Таггер және австралиялық Талия Гибсон үміткер.
«Жыл қайтарымы» санатында британиялық Сонай Картал, қытайлық Чжэн Циньвэнь, чех Каролина Плишкова, аргентиналық Надя Подороска және канадалық Бьянка Андрееску жүлде үшін таласады.
Барлық номинациялар бойынша жеңімпаздар 2026 жылғы 14 желтоқсанда жарияланады.


