Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сайлау алдында елде этносаралық қақтығыс дайындалып жатқаны туралы айтқан сөзін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бірнеше күн бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі президенттік сайлау алдында этносаралық қақтығыс дайындалуы мүмкін екені туралы мәлімет келгенін айтқан еді. Кейін ол бұл сөзіне қатысты түсініктеме берді.
«Кеше мен ұлтаралық қақтығыс туралы үндеу жасадым. Бірдеңе ұйымдастырылып қойған жоқ. Кейбіреулер кабинетте шай ішіп отырып, сайлауды қалай бұзуға болады деп ойланады. Сосын біреулер өзбектер мен қырғыздар арасында этносаралық қақтығыс ұйымдастыру керек, сонда сайлау өтпейді деп айтады. Сондықтан мен үндеуді сақтандыру ретінде жасадым», — деді Жапаров.
Садыр Жапаров ел билігі мұндай жағдайға жол бермейтінін атап өтті. Ол Қырғызстанда тұратын барлық ұлт өкілдерін бейбіт әрі тату өмір сүруге шақырды.
«Қырғыз, өзбек, ұйғыр немесе тәжік болсын — бәріміз Қырғызстанда бір отбасындай тату өмір сүруіміз керек. Сонда ғана даму болады, экономика өседі, халықтың өмірі жақсарады. Бізге бейбітшілік қажет», — деді Садыр Жапаров.


