Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Таласта ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған салтанатта шетелде тұратын қырғыздарды қатты сынға алып, манқұрттыққа айыптады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аймақтық басылымның мәліметінше, мемлекет басшысы шетелде жүрген кейбір отандастарын сынға алды. Сонымен қатар ол шетелде еңбек етіп жүрген қырғызстандықтарға ел экономикасына қосқан үлесі үшін жеке алғыс айтты.

Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына тоқталған Садыр Жапаров манқұрт бейнесін және өз тарихын, тілін, мәдениетін ұмытқан қоғамның трагедиясын еске салды.

«Шетелде жүрген сондай ұлдарымыз сол жерден тапқан бір үзім нан үшін өз елінде болып жатқан жақсы істерден де жамандық іздеп, манқұрттық танытады. Біз оларды тәрбиелеп, тәртіпке шақыруға тырысамыз», — деді Садыр Жапаров қырғыз тілінен аударғанда.

Ол кімдерді нақты айтып отырғанын және қандай шараларды көздеп отырғанын президент нақтыламады.

Кейінірек сол сөзінде Садыр Жапаров Қырғыз Республикасынан тыс жерде ондаған жыл бойы тұрып, еңбек етіп жүрген отандастарына сөз арнады. Ол туған жерден жырақта олардың құндылығы мен еліне деген сүйіспеншілігі ерекше сезілетінін атап өтті.