Аптасына кемінде бір рет саябақтар мен ойын алаңдарында болған балалардың эмоционалдық жай-күйі берік, әлеуметтік дағдылары жақсы дамыған. Бұған Эксетер университеті ғалымдарының британдық Children of the 90s ауқымды жобасының деректерін талдау нәтижелері дәлел болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоба аясында 4219 бала бақыланды: мамандар олардың туғаннан 11 жасқа дейінгі өсуін қадағалап, әлеуметтік-эмоционалдық дамуын бағалады. Авторлар бұл ұғымды баланың өз сезімін түсінуі, эмоциясын бақылауы, құрдастарымен тіл табысуы және күнделікті қиындықтарды жеңуі деп түсіндіреді.
Саябақта аптасына кемінде бір рет серуендеген балалар психикалық денсаулық тесттерінде табиғатта сирек болғандармен салыстырғанда орта есеппен 16,5% артық балл жинағаны анықталды. Отбасы табысы мен үйдегі ықтимал қиындықтар сияқты бөгде факторлар ескерілгеннен кейін де көрсеткіштер жоғары болып қалды. Серуен жиілеген кезеңдерде қатысушылардың эмоционалдық жай-күйі де айтарлықтай жақсарды.
Зерттеу жетекшісі Марк Фергюсон ашық кеңістіктер балаларға дене белсенділігі мен қиялға негізделген ойындар үшін орын беретінін, бұл дербестік пен өзіне деген сенімді дамытатынын атап өтті. Ерте жаста саябаққа ауқатты отбасылардың балалары жиі барған, алайда жасы ұлғайған сайын жағдай өзгерген. Ғалымдар қала билігі мұндай орындардың барлық тұрғындар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етсе, тегін қоғамдық аймақтар балалардың дамуындағы теңсіздікті тегістей алатынын ерекше атады.


