Интернетте Қазақстанның салық органдары азаматтардың банк шоттары мен депозиттеріне қол жеткізді деген өтірік әңгімелер таралып, бұл қаржыны «толық бақылауға» алынады деген қауіп тудырды. Алайда ресми тұлғалар бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NUR.KZ.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсаинова «Хабар» телеарнасындағы «Халық бақылауы» бағдарламасының эфирінде салық органдарының азаматтардың депозиттік және банк шоттарына қол жеткізе алмайтынын мәлімдеді. «Біз сіздердің депозиттік және банк шоттарыңызға қол жеткізе алмаймыз», — деп атап өтті ол, тіпті 100 млн теңге сияқты үлкен сомаға депозит толтыру салық органдарында күдік тудырмайтынын айтты.

Құсаинованың түсіндіруінше, салық органдары ақша қозғалысы туралы мәліметті тек ресми салық тексеруі тағайындалған кезде ғана ала алады. Басқа жағдайларда, оның ішінде мобильді аударымдар кезінде салық органдары қаржы қозғалысын көрмейді. Банк деректері құпиямен қорғалады, тіпті жұбайлардың да оған қол жеткізуі тек сот арқылы мүмкін.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің (ОКҚ) дезинформациямен күрес жөніндегі орталығының Telegram-арнасы мұндай жалған ақпарат мемлекеттік органдардың өкілеттігін асыра көрсетуге және азаматтардың жеке қаржысына қатысты осал тақырыптарды пайдалануға негізделгенін атап өтті. «Әдетте, заңнаманың жекелеген нормалары немесе талқыланып жатқан бақылау шаралары толық бақылау механизмі ретінде түсіндіріледі. Мұндай беріліс негізсіз қорқыныш тудырып, қаржы жүйесіне деген сенімсіздіктің таралуына ықпал етеді, ал мемлекеттік органдардың нақты өкілеттіктері қолданыстағы заңнамамен және банк құпиясын сақтау талаптарымен шектелген», — делінген хабарламада.

Осылайша, салық органдары азаматтардың жеке шоттары мен депозиттеріне тікелей қол жеткізе алмайды. Алайда мемлекет кірістер мен шығыстар туралы ақпаратты жинайтын Smart Data Finance жүйесі арқылы қаржылық жағдайды біле алады. Бұған дейін Салық кодексіне түзетулер ұсынылып, оның ішінде кейбір адамдарды ЖТС-дан босату мүмкіндігі қарастырылған болатын. Сонымен қатар, Қазақстанда мүлік салығын төлеу барлығына міндетті еместігін ескертеміз.

Толығырақ infohub.kz сайтынан оқыңыз.