Қазақстанда құрылыс саласындағы жеке кәсіпкерлердің саны азайып келеді. Нарық қатысушыларының дерегінше, бір жылда олардың саны шамамен 11%-ға қысқарған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сала өкілдері бұл үрдісті салық заңнамасындағы өзгерістермен байланыстырады. Ірі құрылыс компанияларына оңайлатылған салық режимінде жұмыс істейтін мердігерлерді тарту тиімсіз болып қалды. Бұл сырлаушылар, әрлеушілер және басқа да шағын мердігерлерге қатысты. Бұрын олар ірі құрылыс компанияларымен жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей алатын.
Жыл басынан бері мұндай ынтымақтастықтың шарттары өзгерді. Құрылыс салушылар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде оңайлатылған режимдегі мердігерлердің қызметіне жұмсалған шығындарды бұрынғы көлемде есепке ала алмайды. Қазақстан Республикасы Құрылысшылар одағы президентінің орынбасары Вячеслав Лазаревтің бағалауынша, құрылыс компанияларының құрылымында оңайлатылған режимде жұмыс істейтін мердігерлердің үлесі 15%-дан 50%-ға дейін болуы мүмкін.
«Оңайлатылған режимде жұмыс істегендер құрылыс компанияларының құрылымында 15-тен 50%-ға дейін болуы мүмкін. Егер осындай ЖК 30% болса, онда жұмыстардың жалпы қымбаттауы 10%, оған қоса ҚҚС есебінен тағы 4%. Барлығы – Салық кодексіндегі өзгерістердің есебінен ғана кемінде 10-15% қымбаттау», – деді Лазарев.
Осылайша, сала өкілінің бағалауынша, салық өзгерістері құрылыс жұмыстарының құнын 10-15%-ға арттыруы мүмкін. Қосымша шығындар ақыр соңында шаршы метр құнына да әсер етуі ықтимал.
Нарық қатысушылары мәселені шешудің бір жолы ретінде құрылыс саласында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін жеке арнайы салық режимін енгізуді атайды.
Мұндай тетік шағын бизнеске ірі құрылыс компанияларымен жұмысты жалғастыруға, ал құрылыс салушыларға корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде тиісті шығындарды есепке алуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Алайда жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Александр Пак мұндай шара өздігінен тұрғын үй құнының төмендеуіне әкеледі деп күмәнданады.
«Бұл, әрине, бизнеске салық жүктемесін азайтады, бірақ ондағы осы шегерімдердің үлесі аз. Айталық, осы салық режимі енгізіліп, құрылыс салушы бұл шығындарды шегере алса да, бұл шаршы метр құнының төмендеуіне әкелмейді», – деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар, оның бағалауынша, салық шарттарының өзгеруі құрылыс салушылардың одан әрі шығындарының өсуін тежеуі мүмкін.
Қазақстанда тұрғын үй құны осы уақытта өсуін жалғастыруда. Телеарна келтірген деректерге сәйкес, жыл басынан бері шаршы метрдің орташа бағасы 13%-дан астам өскен. Сарапшылар инфляцияға ілесе отырып, жыл соңына дейін бағаның одан әрі өсуін күтуде.


