Бүгін Самара облысындағы Ozon логистикалық орталығы ұшқышсыз ұшақтардың шабуылына ұшырады. Салдарынан қоймада өрт шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ozon компаниясының ресми мәлімдемесінде айтылғандай, барлық жүйе қалыпты режимде жұмыс істеп, бірнеше минут ішінде 500-ден астам қызметкер эвакуацияланды. «Дегенмен, өкінішке қарай, зардап шеккендер бар. Біз оларға барлық қажетті қолдауды міндетті түрде көрсетеміз», — деп атап өтті компанияда.

Оқиға орнында құтқару қызметтері жұмыс істеп, жедел жәрдем көліктері кезекшілік етуде. Қойма жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылды. Келтірілген залалдың көлемі бағалануда.

Шабуыл туралы ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский растап, өзінің Instagram парақшасында оқиға орнынан бейнежазба жариялады. «Соңғы 24 сағатта біздің әскерлер майдан шебінен 1000 шақырым қашықтықта орналасқан Новокуйбышев мұнай өңдеу зауытына соққы беріп, ресей армиясын миллиондаған доллар экспорттық кірістен айырды. Сондай-ақ Самара облысындағы логистикалық орталыққа және Қара теңіздегі нысандарға соққы жасадық», — деп жазды ол.

Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні украин ұшқышсыз ұшақтары ресейлік Wildberries маркетплейсінің Тамбов облысы мен Мәскеу түбіндегі екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Осыдан кейін компанияның Краснодар және Ставрополь өлкелеріндегі, Санкт-Петербургтегі, Ленинград облысындағы және Қырымдағы нысандары да шабуылға ұшырады.