Ресейлік «Татнефть» компаниясы шығып кеткеннен кейін «Самұрық-Қазына» құрылымдарының толық бақылауына өткен «Бутадиен» компаниясы AIX (Astana International Exchange) биржасында облигациялар шығару арқылы 543,5 млн юань (шамамен 80 млн доллар) тартпақ. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Бұған экономист әрі Finmentor.kz Telegram-арнасының авторы Арман Батаев назар аударды.
AIX-те жарияланған мәлімет бойынша, компания жылдық купондық мөлшерлемесі 4,5% болатын бір жылдық облигациялар шығарады.
Қазіргі уақытта компанияның 99,999% үлесі «Самұрық-Қазына» қорының еншілес кәсіпорны – Samruk-Kazyna Ondeu-ге тиесілі. Қалған 0,001% SSAP (Степногорск күкірт қышқылы зауыты) иелігінде. Бұл – Samruk-Kazyna Ondeu мен «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен кәсіпорны.
2026 жылғы ақпанға дейін жобаның 75% ресейлік «Татнефтьке» тиесілі болды. Ол жобадан шыққан соң, «Самұрық-Қазына» зауытты өз бетінше салуды жалғастыруда.
«Бутадиен» Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопарк» арнайы экономикалық аймағында құны 1,1 млрд доллар болатын бутадиен өндіру зауытын салуда. Іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 300 мың тоннаға дейін өнім шығара алады.


