Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова үкіметтегі брифингте жұмыс уақытынан тыс уақытта мұғалімдерді қоңыраумен мазалаған ата-аналарға айыппұл салу мәселесіне түсінік берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналистер бұған дейін ведомство басшысының педагогтердің ата-аналармен жұмыстан тыс уақытта қарым-қатынасын реттеу ниетін айтқанын еске салды. Осыған байланысты жаңа ережелер мен мұғалімдердің жеке шекарасын бұзғандарға айыппұл санкциялары енгізіле ме деген сұрақ туындады.
«Жоқ, мұндай ата-аналарға айыппұл қарастырылмаған. Мұндай жоспар да жоқ», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, мәселе қоғамға сабақтан кейін мұғалімдермен қандай сұрақтарды шешуге болатынын, ал қайсысын келесі күнге қалдырған дұрыс екенін түсінуге көмектесетін этикалық нормаларды әзірлеу болып отыр. Министр педагогтердің де барлық адамдар сияқты жеке уақыт пен демалысқа, сондай-ақ келесі сабақтарға дайындыққа мұқтаж екенін атап өтті.
«Мұғалімдер де адам, олардың жеке уақыты, жұмыс уақыты бар, сонымен қатар олар келесі күнге дайындалуы керек. Мен қоғамға мұғалімдерге, соның ішінде эмоционалды тұрғыдан, жаңа күш қажет екенін жеткізгім келді. Қазақстан мектептерінде бүгінде 4,1 млн бала оқиды, бізде шамамен 8 млн ата-ана бар, ал мұғалімдер небәрі 420 мың», — деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігінің басшысы.
Сүлейменова ата-аналар чаттарының жұмысын реттеу қажеттілігіне ерекше назар аударды. Ол қазір ведомство талқылаулар мен пікірлерді жинап жатқанын, көптеген ата-ана бұл бастаманы қолдайтынын атап өтті. Бұған дейін 18:00-ден кейін мәселелерді талқыламау ұсынылған еді, алайда сабақтар 20:00-де аяқталатын екі ауысымды мектептердің болуына байланысты басымдықтар өзгеруде.
«Ата-аналар қандай сұрақтардың шұғыл екенін, ал қайсысын чатта талқыламауға болатынын түсінеді. Сондай-ақ мұғалімдер қандай чаттарда болуы керек, ал қайсысында болмауы керек екенін анықтау қажет. Мұнда регламент қажет», — деді министр.
Ведомство ата-аналар чаттарының жұмысының барлық аспектілерін реттейтін бірыңғай нормаларды әзірлеуге дайын. «Уақыт жетті, бұдан әрі осылай жалғаса бермейді», — деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Қазақстандағы мұғалімдердің 18:00-ден кейін ата-аналармен қарым-қатынастан бас тарта алатынын түсіндіргені хабарланған болатын.


