Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес кәмелетке толмаған баласы ата-ана қамқорлығынсыз қалды. Оның әкесі бүкіл отбасын өлтіргені үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Сот балалардың тағдыры туралы жеке қаулы шығарды, деп хабарлайды infohub.kz.

Істі қараған судья Зарема Хамидуллина сотталушының бес кәмелетке толмаған баласының тағдырына қатысты жеке қаулы шығарылғанын мәлімдеді. Сот шешіміне сәйкес, балалардың құқығын қорғау және оларды орналастыру мәселелері жауапты органдарға жүктелді.

«Сот балаларды күту және орналастыру мәселесін Атырау облысы білім басқармасына тапсырды. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданының әкімдігіне Жангелдин ауылындағы қаза болғандардан қалған үйдің мұрагерлік құқығын ресімдеу тапсырылды», — деді судья Зарема Хамидуллина.

Сұлтан Сәрсемәлиевтің кенже баласы 2025 жылы дүниеге келген. Ағымдағы жылдың 3 ақпанында аудандық кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия балаларды мемлекет қамқорлығына беру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін оларды сотталушының анасы күтіп-баққан. Алғашында үш үлкен бала кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына, ал екі кішісі балалар үйіне жіберілген. Кейін Атыраудағы бейімдеу орталығында 3 пен 9 жас аралығындағы төрт бала тәрбиеленіп жатқаны, ал ең кішкентай бала мамандандырылған мекемеде екені анықталды.