«Борат» комедиясының режиссёрі әрі басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн өз кейіпкерін Қазақстанмен байланыстырғаны үшін қазақстандықтардан көпшілік алдында кешірім сұрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Актер әрі комик америкалық журналист Джош Горовицтің Happy Sad Confused подкастында фильм шыққаннан кейін Қазақстан елшілігі наразылық білдіргенін еске алды. Ол бұл наразылықты әбден орынды деп санаған.
«Қазақстандықтар, кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізбен сөйлей алмаймын. Сіздердің акценттеріңіз қандай екенін мүлдем білмеймін. (...) Орталық Азия акценттері туралы білімім өте шектеулі. Өтінемін, қазақстандықтар, ренжімейіздер. Мен сіздерді қатты құрметтеймін», — деді Коэн.
Актер қазақстандықтардың сыртқы келбеті оның Борат Сағдиев деген кейіпкеріне мүлдем ұқсамайтынын да атап өтті.
«Шын мәнінде, мұның бәрі (Борат бейнесі — ред. ескертпесі) Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ еді. Мұның бәрі мен сөйлескен адамдардың, яғни осы абсурдтың бәрі өмірінде естімеген жерде болуы мүмкін деп сенуге дайын болғандардың надандығынан туған», — деп қосты актер.
Еске салайық, Борат туралы екінші фильмнің трейлері шыққанда оған қарсы петиция жарияланған. Сол кезде Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы қазақстандықтардың «Борат 2» фильмін көрсетуге тыйым салуды талап еткен петициясына жауап берген. Кейін Борат туралы екі бөлімнен тұратын комедияның режиссёрі әрі басты рөлді сомдаушы Саша Барон Коэн фильмінде неліктен дәл Қазақстанды таңдағанын түсіндірген.


