Пенсильвания университетінің ғалымдары бас пен мойын обырына байланысты қауіпті вирустар мен бактерияларды жоя алатын биоинженерлік сағыз жасап шығарды, деп хабарлайды infohub.kz.

Пенсильвания университетінің Стоматологиялық медицина мектебінің профессоры Генри Даниэлл бастаған зерттеу тобы гиацинт бұршақтары негізінде өнім жасады. Сағыз құрамына табиғи вирусқа қарсы FRIL ақуызы кіреді, ол бас пен мойынның жалпақ жасушалы обырын (HNSCC) тудыратын микроорганизмдермен күреседі.

Зертханалық сынақтар кезінде пациенттердің сілекейі мен ауыз қуысының шаю сұйықтығы үлгілерінде сағыз сығындысы адам папиллома вирусының (АПВ) деңгейін тиісінше 93% және 80% төмендеткен. Сонымен қатар, ғалымдар сағызға микробқа қарсы протегрин пептидін қосып, Porphyromonas gingivalis және Fusobacterium nucleatum патогенді бактерияларының концентрациясын іс жүзінде нөлге дейін азайтқан.

Бұл ретте өнім ауыз қуысының пайдалы микрофлорасына зиян келтірмейді. Scientific Reports журналында жарияланған зерттеу авторлары бұл әзірлемені қолжетімді қосалқы терапия немесе профилактика құралы ретінде қолдануға болады деп санайды.