АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Энергетика министрлігінің ядролық кешенінде орналасқан Саванна-Ривер ұлттық зертханасында өрт шығып, радиациялық заттардың ағып кетуі тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Нысан аумағында төтенше жағдай режимі жарияланды. Өртке байланысты «жер деңгейінде радиациялық заттардың сүзгіден өтпеген ағып кетуі» тіркелді. Өртті сөндіруге қол жеткізілді.
News 12 телеарнасының мәліметінше, нысанның ауқымды аумағынан тыс жерде халыққа қауіп жоқ — кешеннен тыс жерде радиациялық ластанудың ешбір белгісі табылмаған. Бұл ақпаратты зертхананың өзінде де растады.
Қызметкерлердің айтуынша, А аймағында болған адамдар шамамен 30 минут бойы бөгеттердің артында баспанада қалуға мәжбүр болды. Біраз уақыттан кейін адамдарға аумақтан шығуға рұқсат берілді, алайда қалғандар үшін кіреберіс жабық күйінде қалды.
Телеарна хабарлағандай, АҚШ Азаматтық авиация федералдық басқармасы нысан аумағы мен оның маңындағы аймақ үстінен уақытша ұшуға тыйым салуды енгізгенін жариялады.
Саванна-Ривер нысаны (Savannah River Site, SRS) — АҚШ Энергетика министрлігінің ауданы шамамен 310 шаршы миль болатын кешені. Ол ядролық материалдар, қоршаған ортаны тазарту және сабақтас технологиялар саласындағы зерттеулермен айналысады. Нысан бір мезгілде бұрынғы қызметтің салдарларын жою алаңы және ұлттық қауіпсіздік пен ядролық технологиялар саласындағы жұмыс істеп тұрған зерттеу орталығы екені атап өтіледі.
News 12 мәліметінше, кешен 1950 жылдардың басында, қырғи қабақ соғыстың қызған шағында салынған. Бастапқыда ол Саванна-Ривер зауыты (Savannah River Plant) деп аталып, ядролық қаруға қажетті негізгі материалдарды өндіруге арналған.


