Сегіз мемлекеттің сыртқы істер министрлері Америка Құрама Штаттарының Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы санкцияларын айыптайтын бірлескен мәлімдеме жасады. Құжатқа Ұлыбритания, Канада, Дания, Германия, Франция, Италия, Жапония және Нидерланд сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қол қоюшылар Халықаралық қылмыстық соттың тәуелсіздігін, бейтараптығы мен тұтастығын бұлжытпай қолдайтынын растады.
«Халықаралық қылмыстық соттың сенімді жақтаушылары ретінде біз Америка Құрама Штаттарының Сотқа санкция салу туралы жариялауын өкінішпен қабылдап, онымен қатаң келіспейміз», — делінген мәлімдемеде.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары шектеу шаралары сот органының жұмысына әсер ететінін атап өтті.
«Сонымен қатар, енгізілген жағдайда бұл санкциялар Соттың, оның адал қызметкерлерінің және олардың отбасыларының қызметіне айтарлықтай ықпал етеді. Олар күн сайын ең ауыр халықаралық қылмыстар жасады деп айыпталған адамдарды жауапкершілікке тарту және олардың құрбандарына қолдау көрсету жолында еңбек етеді», — деп атап көрсетілген құжатта.
Елдер Халықаралық қылмыстық соттың аса маңызды қызметін қолдауға, ережелерге негізделген халықаралық жүйені нығайтуға және кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға уәде берді.
Айта кетейік, бұған дейін Америка Құрама Штаттары Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы санкциялар енгізген болатын.


