Семейдің шетіндегі Водный кентінде қанды қылмыс болды: 19 жастағы қыз үйінің жанында пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көршілер болған жағдайды КТК телеарнасына баяндады. Олардың айтуынша, алдымен айқай естіген, кейін қанға боялған қызды көрген. Жанжал екі жас жігіттің арасында болған деген болжам бар.
«Мен аулада едім. Айқай, шу, төбелес естідім. Қыз айқайлады. Кейін сыртқа шықсам, қыз жерде жатыр, бәрі қан, өңі бозарып кеткен. Жүрек массажын жасады. Жігіттер тұрды. Жылады», — деді куәгер Ирина Лысак.
Жергілікті тұрғындар жігіттің ұрыс кезінде пышаққа жармасқанын айтады. Кейбір деректерге қарағанда, ол өлтірілген қыздың бұрынғы жігіті болған. Күдікті қылмыстан кейін қашуға тырысып, тіпті қоршаудан секіріп өткен, дейді көршілер.
«Кейін бір жігіт жүгіріп келіп, көмек сұрады. Шықсам, қыз жатыр, пышақтан жараланған. Кейін жедел жәрдем келді, полиция келді, бізді үйге қайтарды», — деді жергілікті тұрғын Азамат Кужыкенов.
Оқиға орнына келген дәрігерлер зардап шеккен қызды аман алып қала алмады. Ол қанша пышақ жарақатын алғаны нақтыланбаған. Анықталғандай, өлтірілген қыз жергілікті колледждің үшінші курс студенті болған. Оқытушылар қыздың тәрбиелі әрі жақсы оқығанын атап өтті. Оның суреті құрмет тақтасында ілулі тұр. Қайғылы оқиға болған күні таңертең ол сабаққа келген.
Полиция оқиғаны аса ұстамдылықпен түсіндірді. Күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«21 қыркүйекте полиция өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті анықталып, ізін суытпай ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты», — деп нақтылады Семей қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Аққалиев.
Күдікті қазір оқшаулағышта отыр. Полиция құрбан мен күдіктінің таныс болғанын хабарлады.


