Семейде газовоз жарылып, автокөлік жуу орнының маңында өрт шықты. Зардап шеккен екі адамның бірі реанимацияда жатыр. 45 жастағы полиция қызметкерінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Семей жедел медициналық жәрдем ауруханасы бөлімшесінің меңгерушісі Дарын Бақтыбаевтың айтуынша, полицейге екінші және үшінші дәрежелі күйік диагнозы қойылған, денесінің шамамен 25-30 пайызы зақымданған.
«Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Екінші және үшінші дәрежелі күйік диагнозы қойылды, денесінің шамамен 25-30 пайызы зақымданған. Екінші науқас хирургия бөлімшесіне жатқызылды, оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр», — деп келтіреді оның сөзін «31 арна».
Екінші зардап шеккен адам — газовоз жүргізушісі. Екі ер адам да оқиғадан кейін ауруханаға жатқызылды.
Жарылыс 22 қыркүйек күні кешке Сосновая көшесіндегі автокөлік жуу орнының маңында болды. Алдын ала деректерге қарағанда, газ-ауа қоспасы тұтанып, соңынан газовоз жарылған. Өрт бір қабатты автокөлік жуу ғимаратын шарпып, көршілес екі жеке үйге тараған.
Үйлердің бірі толығымен өртеніп кетті. Шатыр құлаған сәтте ішінде адам болмаған. Екінші үй ішінара қираған.
Куәгерлер телеарнаға жарылыстан кейін адамдардың жан-жаққа қаша бастағанын айтты. Өрттің себебі анықталып жатыр, сараптама тағайындалды. Жұмыс тобы келтірілген шығынның мөлшерін есептеп жатыр.


