Семейде жергілікті тұрғын медицина қызметкерін қорлағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға қалалық ауруханалардың бірінің неврология бөлімшесінде болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Абай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында көрсетілгендей, Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты медицина қызметкеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорлық көрсеткен жергілікті тұрғынға қатысты істі қарады.

Сот қаулысына сәйкес, ер адам емдеу мекемесінде болған кезде медицина қызметкеріне құрметсіздік танытып, әдепсіз сөздер айтқан. Сонымен қатар ол персоналдың заңды талаптары мен ескертулеріне жауап бермеген.

Сот талқылауы барысында құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен расталды. Сот оның әрекеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрайды деген қорытындыға келді.

Жазалау шарасын айқындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипатын, іс мән-жайларын, сондай-ақ бұзушының жеке басы туралы мәліметтерді, оның ішінде бұған дейін жауапкершілікке тартылғанын ескерді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.