Семейде ер адам әйелін өлтірді деген айыппен сотқа тартылады. Қайтыс болған әйелдің туыстарының айтуынша, оны бейсбол битасымен шамамен 28 рет ұрған, деп хабарлайды infohub.kz NUR.KZ-ге сілтеме жасап.

Telegram-арнасы «Криминальный Казахстан» хабарлағандай, қайтыс болған әйелдің туыстарының сөзіне сүйенсек, сәуір айында 52 жастағы әйел күйеуіне ажырасқысы келетінін айтқан. Бірнеше күннен кейін ер адам оның заттары мен құжаттарын, сондай-ақ ортақ балаларының құжаттарын өртеп жіберген. «Кейін ол әйелін торуылдап, оны бейсбол битасымен шамамен 28 рет ұрған. Алған жарақаттарынан әйел көз жұмды. Қайтыс болған әйелдің туыстары ер адамның көп жылдар бойы ішімдікке салынғанын, әйелін ұрып-соққанын және ол кетуге шешім қабылдағаннан кейін оны қудалағанын айтады», — делінген жазбада.

Telegram-арнасының мәліметінше, оқиғадан кейін күдікті жасырынған, алайда көп ұзамай ұсталып, қамауға алынған. Іс «Өлтіру» бабы бойынша тергелген.

Абай облысы полиция департаментінің түсіндіруінше, қылмыстық іс сотқа жіберілгендіктен, сот шешімі шыққанға дейін полиция департаменті істің мән-жайына түсініктеме беруге және дәлелдемелерге баға беруге құқылы емес.