Семейде көлік басқару құқығы жоқ 43 жастағы әйел қайтадан рөлге отырғаны үшін сот шешімімен 70 айлық есептік көрсеткіш — 302 750 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Семейде Changan CS35 MAX маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында 43 жастағы әйелдің көлік басқару құқығы жоқ екені анықталды. Оның үстіне, ол мұндай бұзушылықты алғаш рет жасап отырған жоқ.
«Бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, әйел қайтадан рөлге отырды. Бұл жолы заң талаптарын елемеу автокөлікті айыппұл тұрағына қоюмен аяқталды», — деп атап өтті полиция департаментінде.
Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды. Сот шешімімен әйелге 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалды (2026 жылы 302 750 теңге).
Заң бойынша бір жыл ішінде көлік басқару құқығы жоқ адамның қайталап көлік басқаруы үшін 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл не 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
«Рөлге отырғысы келеді, бірақ көлік басқару құқығы жоқ. Мұндай жағдайда жолға шығу — батылдық емес, заңды ашық түрде елемеу», — деп атап өтті полиция департаментінде.


