Семейде 6 жасар баланың тентектігінен көлік өртенді. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады, енді баланың ата-анасы көлік иесіне шығынды өтеуі керек, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға 15 шілдеде 352-ші кварталдағы тұрғын үйдің ауласында болды. Өрт туралы хабар төтенше қызметке сағат 18:05-те түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің келген қызметкерлері өртті дереу сөндірді.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеді. Өрт шығудан сәл бұрын көлік жанында үш кәмелетке толмаған бала болғаны анықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, бір бала сіріңкемен көлік маңындағы құрғақ өсімдіктерді өртеген. Өрт тарай бастағанда балалар қорқып, қашып кеткен.

Бұл мән-жайлар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін сұрау кезінде расталды. Ведомствода атап өткендей, 6 жасар баланың ата-анасы көлік иесіне келтірілген залалды өтеуге тиіс.