Семейде полиция қызметкерлері екі қызды — жүргізуші мен автокөлік капотында жүрген жолаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Абай облысы полиция департаментінің ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, оқиға 14 шілдеде Қарағайлы шағын ауданында болған. Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында тәртіп сақшылары Toyota RAV4 автокөлігінің капотында жолаушының отырғаны бейнеленген жазбаны анықтады.
Қатысушылардың жеке басы жедел анықталды. Рөлде 22 жастағы қала тұрғыны болған. Ол жолаушыны көлік құралының кабинасынан (салонынан) тыс тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қозғалыс кезінде автокөліктің капотында отырған 24 жастағы жолаушы да жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


