22 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында үш орман өрті болды, деп хабарлайды infohub.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттер найзағай разрядтарынан пайда болған.
«Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйесі арқылы уақытылы анықталды. Бұл мемлекеттік орман қорғау қызметкерлері мен авиациялық өрт сөндіру десантшыларына өрттерді оқшаулауға және олардың одан әрі таралуын болдырмауға кірісуге мүмкіндік берді», — делінген Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.
Орман қорғау қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» мамандарының үйлесімді іс-қимылы және барлық қажетті техниканың уақытылы тартылуы арқасында шағын аумақтарды қамтыған екі орман өрті де жедел жойылды және айналадағы аумаққа қауіп төндірмеді.
Өрт қауіпсіздігінің жоғары сыныбы жағдайында қазақстандықтар өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, орманға ұқыпты қарауға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырылды.


