Бірнеше күн бойы жүздеген адам мен авиация күрескен жалын сөндірілді. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы ірі орман өрті оқшауланды, деп хабарлайды infohub.kz.
2026 жылғы 16 шілдеде пайда болған өрт 18 шілдеде сағат 9:45-те оқшауланды. Мамандар ауқымды операция барысында жер үсті күштері мен авиацияны жұмылдырып, оттың әрі қарай таралуын тоқтата алды.
Өрт сөндіруге «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМК бөлімшелері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және жергілікті атқарушы органдар күштері жұмылдырылды.
Барлығы өртпен күреске 769 адам, 191 жер үсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылды. Өртті жоюда авиация ерекше рөл атқарды: сөндіру басталғаннан бері 319 рет су төгіліп, өрт ошағына 709 тонна су жеткізілді.
Оқшаулаудан кейін мамандар оқиға орнында жұмысты жалғастыруда — аумақты бақылау және өрт салдарын толық жою үшін қажетті шаралар жүргізілуде.


