Семейде үш күн бұрын жоғалған 15 жастағы жасөспірім Павлодардан әжесінің үйінен табылды. Ол аман-есен, көп ұзамай отбасына қайтарылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өңірде кәмелетке толмаған жасөспірімді іздеу жұмыстары аяқталды. Бүгін сағат 15:00 шамасында ол Павлодардан әжесінің үйінен табылды.
Жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түскен соң, Абай облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері бірден іздеуге кірісті. Полицейлер кәмелетке толмаған баланың болуы мүмкін жерлерін тексеріп, оның байланыстарын және жақын туыстарының тұрған мекенжайларын анықтады.
Алдын ала деректерге сәйкес, жасөспірім анасына ескертпей, Павлодарға таксимен өз бетінше кеткен. Жуырда ол отбасына қайтарылады. Оқиғаның мән-жайы мен өз бетінше кету себептері анықталады.
«Жасөспірім бұған дейін де үйден кетіп қалғандықтан, мәселе кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына қайта шығарылады. Мамандар тұрмыс жағдайын, отбасындағы қарым-қатынасты бағалап, балаға және оның ата-анасына қандай көмек қажет екенін анықтайды. Негіз болса, заңды өкілдердің жауапкершілігі туралы мәселе қарастырылады», — деп хабарлады Абай облысы полиция департаментінде.
Ахуал ведомствоның бақылауында. Негізгі міндет — жасөспірімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті қолдау көрсету және оның қайталап кетуін болдырмау.


