Семейде пробация қызметінің есебінде тұрған азамат үшін достарымен кездесу бас бостандығынан айыруға әкелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Абай облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің 34 жастағы тұрғыны түсті металл бұйымдарын ұрлағаны үшін сотталған. Сот оған үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Үкім шыққаннан кейін ер адам Семейдегі пробация қызметінің есебіне қойылған. Қызметкерлер оған жазаны өтеу ережелерін, міндеттерін түсіндіріп, бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескерткен.
Осыған қарамастан, сотталған адам белгіленген талаптарды бірнеше рет бұзған. Тексерулер кезінде ол үйде болмаған, ал электронды бақылау құралын әдейі зарядтамаған.
Жүйелі түрде бұзғаны үшін пробация қызметі сотқа жүгінген. Нәтижесінде сот оған бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айырумен алмастырған. Өтелмеген мерзімі екі жыл бір айды құраған.
Сотталған адам өкінішін білдірді: «Маған бостандықта қалып, түзелуге мүмкіндік берілді. Мен жұмыс істеп, адал жолмен табыс тауып, жаңа өмір бастай алар едім. Денсаулығым жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бірақ мен басқа жолды таңдадым. Араққа ақша табу үшін ұрлық жасадым. Пробация қызметінің бақылауында жүрсем де, достарыммен кездесіп, ішуді жалғастырдым. Салдары туралы ойламадым, бәрі оңалады деп сендім. Енді қателескенімді түсіндім. Іс-әрекеттерімнің салдарынан бостандықта болу мүмкіндігінен айырылдым. Менің отбасым, әйелім, балаларым жоқ, ата-анаммен көптен бері араласпаймын. Қазір түсінемін: арақ пен сол орта менің өмірімді ғана бұзды. Достарым мені қолдайды деп ойладым, бірақ енді оларға менің өмірім бәрібір екенін түсіндім. Нағыз достар маған тоқтауға көмектесіп, проблемалар мен жаман әрекеттерден қорғауы керек еді, бірақ олар жағдайды одан сайын ушықтырды. Уақытында тоқтай алмағаныма өзім кінәлімін. Істегеніме өте өкінемін, уақытты кері қайтарғым келеді».


