Әлеуметтік желілерде Семейдегі мейрамханалардың бірінің қызметкерлері мекеме жұмысының тоқтатылғаны туралы хабарлама жариялады. Абай облысы полиция департаменті жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz.

Қызметкерлердің айтуынша, 28 тамызда олардың мейрамханасының қызметі тоқтатылған. Олар бұған жеткілікті заңды негіз болмағанын айтады. Мекеме әкімшілігі лауазымды тұлғалардың әрекетін тексеруді сұраған.

Абай облысы полиция департаменті Instagram-парақшасында жағдайға түсініктеме берді. Ведомство мейрамхана қызметінің тоқтатылмағанын мәлімдеді. «Семей прокуратурасының үйлестіруімен сотқа дейінгі тергеу органы бұзақылық фактісі бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу және жағдайды сақтау үшін тек оқиға орнына уақытша кіруді шектеді», — деп хабарлады Абай облысы ПД.

Ведомствоның дерегінше, 22 тамызда таңғы сағат 04:00 шамасында би алаңында белгісіз ер адам ешқандай себепсіз Астананың 37 жастағы тұрғынының бетіне соққы жасаған. «Соққыдан ер адам құлап, ұзақ уақыт ес-түссіз жатқан. Оған жанындағы келушілер көмек көрсеткен. Ал мекеме әкімшілігі полиция мен жедел жәрдемді уақытында шақырмаған», — деп атап өтті Абай облысы ПД.

Мұнда ведомство бұл мекеме соңғы келушіге дейін жұмыс істейтінін, алайда ішінде тұрақты лицензияланған күзет жоқ екенін қосты. «Қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, әкімшілік қабылдап жатқан шаралар қауіпсіздік пен тәртіптің тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді, сондықтан полиция клуб маңына қосымша наряд қояды. Биылғы жылдың басынан бері мекеме ішінде құқық бұзушылық туралы 15 хабарлама тіркелген. Екі топтық төбелес фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», — деп түсіндірді ведомствода.

Полиция «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 11 және 24-баптарына сәйкес ойын-сауық мекемелерінің иелері мен басшылары келушілерге қауіпсіз жағдай жасауға міндетті екенін еске салды. Мекемеде жанжалдар мен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алатын және жолын кесетін тиісті күзет ұйымдастырылуы тиіс. Кез келген оқиға туралы әкімшілік дереу полицияға хабарлауға, ал зардап шеккендер болса, жедел жәрдем шақыруға міндетті.

«Әрбір келуші қауіпсіз демалысқа құқылы. Көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мекеме әкімшілігінің міндеті», — деді құқық қорғау органдарының өкілдері.