Семейде жаңа туған қызын қоқыс жәшігіне тастап кеткен ІІМ бұрынғы қызметкерлеріне үкім оқылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Нәрестенің денесі қыста қоқыс жәшігінен табылған. Бүгін сот шешім шығарды: әкесі өмір бойы бас бостандығынан айырылды, ал анасы рақымшылыққа ілікті.
Тергеу анықтағандай, әйел жүктілігін жасырып, қызын үйде босанған. Кейін ол баланың өлі туғанын айтып ақталмақ болған. Алайда тергеу нәрестенің үсіктен қаза тапқанын дәлелдеді. Сондай-ақ қыздың өліміне әкесінің қатысы бар екені белгілі болды — ол қызды қоқыс жәшігіне тастап кеткен.
Ата-анасының екеуі де ішкі істер органдарында қызмет еткені назар аудартады. Сот оларды арнайы атақтарынан айырды. 21 жастағы анаға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, алайда ол рақымшылыққа ілікті. Ал 26 жастағы әкесі өмірінің соңына дейін түрмеде отырады.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау», — деп оқыды үкімді судья.
Еске салайық, осы жылдың ақпанында Семейде қоқыс жәшігінен жаңа туған нәрестенің денесі табылған. Бірден желіде күдіктілер полицейлер, олар тіпті уақытша ұстау изоляторына да қамалмады деген ақпарат тарады. Абай облысының полиция департаменті сол кезде бұл қауесетті жоққа шығарған.


