Семейде бастауыш сынып мұғалімінің абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны сотта анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Абай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Семей қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты бастауыш сынып мұғалімінің абыройы, қадір-қасиеті және іскерлік беделін қорғау, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талап арызын қарады.
Сотқа жүгінуге мектеп директорына дауыстық хабарлама жіберу, содан кейін ұжым қатысуымен өткен кездесуде таратылған мәліметтер себеп болды. Жауапкер мұғалімнің үнемі ішімдік ішетінін, жұмысқа арақ иісімен келетінін және «түстен кейін ішімдік ішуге кететінін» айтқан.
Талапкер таратылған мәліметтердің жалған екенін мойындатуды, жауапкерді оларды жоққа шығаруға, кешірім сұрауға және моральдық зиянды өтеуге міндеттеуді сұрады.
Іс материалдарын зерделеген сот жауапкердің таратқан мәліметтерінің шындыққа жанасатынын дәлелдейтін ешқандай дәлел келтірмегенін анықтады. Сот-психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысын ескере отырып, сот абыройды, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау шарттарының бар екенін анықтады: мәліметтер үшінші тұлғаларға таратылған, жала жабу сипатында болған және шындыққа сәйкес келмеген.
Сот жауапкерді мектеп директоры мен оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының қатысуымен кешірім сұрау арқылы таратылған мәліметтерді жоққа шығаруға міндеттеді. Жауапкердің әрекетінің сипатын, тараптар арасындағы жанжалдың ұзақтығын, парасаттылық пен әділдік талаптарын ескере отырып, сот моральдық зиянның өтемақысын ішінара қанағаттандырды, сондай-ақ сот шығындарын өндірді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


