Жекеменшік Sensata Astana Ltd. компаниясына тиесілі Sensata Holding құрылыс холдингі 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша 2,3 млрд теңге таза пайда тапты. Салыстырсақ, былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 1,4 млрд теңге болған, яғни бір жылда 1,6 есе өскен. Бұл туралы компанияның қаржылық есептілігінде жазылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алайда Sensata Holding-тің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы түсімі 69,8 млн теңге болып, былтырғы 268,4 млн теңгемен салыстырғанда 3,8 есе азайды. Компанияның қаржылық кірістері 1,1 мың есе қысқарды — 2 млрд теңгеден 1,8 млн теңгеге дейін. Сонымен қатар өзге кірістер күрт өсіп, 5,7 млн теңгеден 4 млрд теңгеге жетті, яғни 707,7 есе көбейді.
Sensata Holding-тің жалғыз иесі — «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген жекеменшік Sensata Astana Ltd. компаниясы. Екі құрылымды да Максим Михайлов басқарады.
Өз кезегінде Sensata Astana Ltd. компаниясына да Максим Михайлов басқаратын Sensata Ltd. тиесілі. Жекеменшік Sensata Ltd. компаниясының тең иелері — 2010-жылдары BI Group басқарма төрағасының даму жөніндегі орынбасары қызметін атқарған кәсіпкер Тасболат Абдуллин мен Асқар Дүйсенбаев.
Бірнеше күн бұрын оларға тиесілі тағы бір құрылыс компаниясы — Sensata Construction — 2025 жылы 1,1 млрд теңге шығынға ұшырағанын хабарлаған болатын. Бұл компанияның жылдық қаржылық есептілігінде көрсетілген. Салыстырсақ, 2024 жылы ол 4,3 млрд теңге пайда тапқан.


