Ресейлік журналист, музыка сыншысы әрі тележүргізуші Сергей Соседов 59 жасында өмірден өтті. Оның қайтыс болуына гастрольдегі жазатайым оқиға себеп болды — әртіс баспалдақтан құлап кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Соседовтың қайтыс болғаны туралы «SHOT» Telegram-арнасы хабарлады. Оның дерегінше, қайғылы оқиға гастрольдік сапар кезінде болған.
Қарсаңында Сергей Соседов Якутияның Нерюнгри қаласына келген. Онда ол «Жемчужина Дальнего Востока» халықаралық сұлулық және сән байқауының қазылар алқасына кіруі тиіс еді. Байқаудың финалы 25 қыркүйекке белгіленген болатын.
Соседовтың әріптесі Вадим Такменев Instagram-да былай деп жазды: «Барлығымыз шоктамыз. Бүгін таңертең досымыз, командамыздың ажырамас бөлігі, «Суперстар» жобасының жүрегі, жаны, қозғаушы күші Сергей Соседов арамыздан кетті. Біз осы сенбіде бәріміз жиналып, «ВИА СУПЕРСТАР» жаңа маусымының бірінші шығарылымын бірге көруіміз керек еді. Ол бұл кездесуді де, бұл премьераны да асыға күткен. Осы маусымның барлығы оның естелігіне арналады. Ол туралы — ашық, әділ, қыңыр, мейірімді, жұмсақ, жарқын және шынайы! Бұл оның соңғы түсірілімі еді. Енді біз бірге өткізген соңғы минуттарды, күндер мен апталарды есте қалдыру үшін әр кадрға үңілеміз».
«Газета.ру» хабарлағандай, Сергей Соседов Ресейде 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында «Акулы пера» музыкалық жобасының ең өткір және эпатажды қазыларының бірі ретінде кеңінен танымал болды.
2020 жылдан бастап ол «Суперстар! Возвращение» шоуының тұрақты қазылар алқасының құрамында болды. Сонымен қатар Соседов «За гранью» жобасының жүргізушісі болып, «X-Фактор Беларусь» шоуына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысты.


