Оңтүстік Корея астанасындағы құрылыс алаңында қайғылы оқиға болды: бетон төбенің бір бөлігі құлап, Қазақстан азаматы қаза тапты. Азаматтың қаза тапқанын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, сейсенбі күні Сеулдің оңтүстік бөлігіндегі көппәтерлі тұрғын үй құрылысында бетон төбенің бір бөлігі құлап, қазақстандық жұмысшы қаза тапқан.

Оңтүстік Корея Еңбек министрлігінің дерегінше, 30 шамасындағы ер адам ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалау жұмысының басталуын күтіп тұрған. Таңғы 9:45 шамасында бетон төбенің бір бөлігі құлап, оны соққан.

Ведомствоның хабарлауынша, елдің Еңбек министрлігі нысандағы жұмысты дереу тоқтатып, полициямен және құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдармен бірлесіп оқиғаны тергеуді бастады.

Полиция мен Еңбек министрлігі апаттың себептерін анықтап, оған қатысқан компаниялардың еңбек қауіпсіздігі туралы заңдарды бұзғанын не бұзбағанын анықтауды көздеп отыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі NUR.KZ тілшісіне еліміздің азаматының қаза тапқанын растады. «Сыртқы істер министрлігі Сеулде құрылыста болған жазатайым оқиға салдарынан Қазақстан Республикасы азаматының қаза тапқанын растайды. Корея Республикасының құзыретті органдары оқиғаны тергеуді бастады. Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан азаматтың туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетуде», — делінген хабарламада.