Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының оныншы турында Қазақстан әйелдер құрамасы Францияны 2,5:1,5 есебімен жеңді. Соңғы тур алдында қазақстандық шахматшы қыздар Қытай құрамасынан бір ұпай қалып, екінші орында тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қатарынан үш тең ойын командамыздың медаль үшін күресін қиындатқанымен, қыздар табанды күресте франциялықтардан басым түсті. Шешуші ұпайды төртінші тақтада Елназ Калиахмет әкелді: қара таспен ойнаған жас шахматшы 101-ші жүрісте Паулин Гишардың сағатын тоқтатқызды.
Калиахметтің жеңісі командаға ауадай қажет еді. Бибисара Асаубаева ұтып, Меруерт Камалиденова жеңіліп, Алуа Нурман тең ойнаған соң, кезекті — қатарынан төртінші — тең ойынның көлеңкесі анық көрінген. Абырой болғанда, Калиахмет тең позицияны бұзып, ойын соңында қыңыр қарсыласын тізе бүктірді.
Көш бастап тұрған Қытай Олимпиадада екінші ұпайын жоғалтты. Алғашқы тең ойын Қазақстанмен матчта, екіншісі өткен турда Үндістанмен болды. Үндістанның сүрінуінің арқасында Қазақстан кестеде онымен қайта орын ауыстырды. Соңғы тур алдында қыздарымыз — екінші орында.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ШАХМАТ ОЛИМПИАДАСЫ-2026
10-шы тур. 26 қыркүйек. Әйелдер
ҚАЗАҚСТАН – ФРАНЦИЯ 2,5:1,5
♟️ GM* Бибисара Асаубаева (2536) – IM Дейманте Даулите-Корнетт (2391) 1:0
♟️ GM Мари Себаг (2401) – IM Алуа Нурман (2455) 0,5:0,5
♟️ IM Меруерт Камалиденова (2413) – IM Софи Милье (2358) 0:1
♟️ IM Паулин Гишар (2344) – WIM Елназ Калиахмет (2347) 0:1
* GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер, WIM – әйелдер арасындағы халықаралық шебер
Қазақстанның ерлер құрамасы Түрікменстанды 3:1 есебімен жеңіп, 33-ші орыннан 24-ші орынға көтерілді. Оның үстіне алғашқы ондықтан қалысуы небәрі бір ұпай.
Ал көш бастап тұрған Өзбекстан-1 құрамасы соңғы тур алдында Арменияны 3,5:0,5 есебімен жеңді.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ШАХМАТ ОЛИМПИАДАСЫ-2026
10-шы тур. 26 қыркүйек. Ерлер
ҚАЗАҚСТАН – ТҮРІКМЕНСТАН 3:1
♟️ GM* Денис Махнев (2568) – GM Сапармурат Атабаев (2503) 0,5:0,5
♟️ GM Мейлис Аннабердыев (2384) – IM Сауат Нургалиев (2493) 0:1
♟️ GM Ансат Алдияр (2495) – FM Аманмухаммет Хоммадов (2389) 0,5:0,5
♟️ Шахрух Тураев (2222) – GM Жандос Агманов (2490) 0:1
* GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер
Самарқандтағы 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына 398 команда, 1974 шахматшы, 240 гроссмейстер қатысып жатыр.
Турнир швейцариялық жүйемен 11 турда өтеді. Әр команданың құрамында 4 ойыншы және 1 қосалқы бар. Уақыт бақылауы классикалық – алғашқы 40 жүріске 90 минут, оған қоса тағы 30 минут. Әр жүрістен кейін 30 секунд қосылады.
Матчта жеңген құрама екі командалық ұпай, тең ойнағанда бір ұпай алады. Ұпайлар тең болған жағдайда қосымша көрсеткіштер күшіне енеді.
Ерлер турнирінің жеңімпаздарына лорд Фредерик Густавус Гамильтон-Рассел кубогы, әйелдер турнирінің жеңімпаздарына Вера Менчик кубогы табысталады. Екі командасының орындарының ең аз қосындысы бойынша үздік шыққан федерация Нона Гаприндашвили кубогымен марапатталады.


