Қарағанды облысында сот газ баллонымен тұрғын үйді жарып жіберемін деп қорқытқан ер адамға үкім шығарды. Оқиға 2 қыркүйекте болды: маскүнем Шахтинск тұрғыны көршілерін қорқытты, ал полиция келгенде есікті ашудан бас тартып, былапыт сөйлей бастаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жарылыс қаупіне байланысты оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері шақыртылды, олар қажет болған жағдайда үй тұрғындарын эвакуациялауға дайын болды. Алайда біраз уақыттан кейін ер адам есікті өзі ашты, бірақ ұстау кезінде полиция талаптарына бағынбады.
Оқиға салдарынан тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Сотта ер адамның кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, куәгерлердің айғақтарымен және істің өзге де материалдарымен расталды. Сот оның өкінуін жеңілдететін мән-жай деп таныды.
«ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі бойынша оған ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулік қамау, ал ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін тағы бір тәулік тағайындалды. Түпкілікті жаза 16 тәулік әкімшілік қамау болды», — деп хабарлады Шахтинск қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ер адамға қатысты үш ай мерзімге мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіленді: оған алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынды, сондай-ақ ол айына үш рет Шахтинск полиция бөліміне профилактикалық әңгімелесуге келуге міндетті.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұған дейін «Курсив» қарағандылықтың газ құбырын жұлып алып, көпқабатты үйді жарып жіберемін деп қорқытқаны туралы ұқсас оқиғаны хабарлаған болатын.


