Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шалқарда «аудан ауданға» қарсы жаппай төбелес кезінде 17 жастағы жігітті өлтірген іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қылмыс жасалған кезде сотталушы кәмелетке толмағандықтан, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталған адам марқұмның ата-анасына моральдық зиян үшін 15 млн теңгеден, сондай-ақ материалдық шығын мен адвокат қызметіне жұмсалған шығыстар үшін 2 млн теңгеден астам қаражат төлеуге міндеттелді.

Сонымен қатар сот Ақтөбе облысы полиция департаментінің атына жеке ұйғарым шығарды. Онда Шалқар ауданының полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алумен айналыспағаны, бұл осындай салдарға әкеп соққаны көрсетілген.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, жастардың топтық төбелесі осы жылдың 20 наурызына қараған түні Шалқарда болып, салдарынан 17 жастағы жасөспірім қаза тапқан. Кейін қаза болған жасөспірім бір жыл бұрын мектепті бітіріп, әскерге баруға дайындалып жүргені белгілі болды. Сондай-ақ марқұмның әкесі де шағымданған.

Қыркүйекте Ақтөбеде осы қылмысқа айыпталған студентке сот басталды. Прокурор оған 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.