Астанада авариялық барак тұрғындары ескі тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы бойынша көшіру кезінде қиындыққа тап болды. Себеп — шаршы метрге қатысты келіспеушілік, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Телеарнаның дерегінше, 2021 жылы Герцен көшесі, 2А мекенжайындағы барак авариялық деп танылған. Реновация бағдарламасы бойынша үйді бұзу және тұрғындарды көшіру кезегі биыл ғана келді. Алайда көптен күткен кілттердің орнына екі отбасы комиссиядан бас тарту алды. Тұрғындар өз пәтерлеріне қосымша бөлмелер салып, тұрғын алаңның ұлғайғанын заңды түрде тіркегендерін айтады. Бірақ көшіру кезінде әкімдік жаңа шаршы метр бойынша жаңа пәтер беруден бас тартты. Оның орнына тек бастапқы алаңға сәйкес тұрғын үй ұсынып отыр, ол 5 есе аз.
Мысалы, меншік иелерінің бірі 300 шаршы метр есебінен тұрғын үй беруді сұрайды, бірақ шенеуніктер тек бастапқы 54 шаршыны ғана ескереді. Ер адам 13 жыл бойы бала тәрбиелеп, үйді салып, барлық құжаттарды ХҚКО арқылы адал рәсімдегенін айтады.
«Біз келіспейміз, барлық жерге шағым жазамыз. Себебі бізде 2-нысан бойынша 300 шаршы метр шығады. Ал олар ескісі бойынша, үйді сатып алғанда 54 шаршы болған деп айтады. Ал біз заңдастырған, салған қосымшаларымызды мүлде есепке алмайды. Бірақ бізде барлық құжат бар, бәрі заңды», — деп ашуланды Астана тұрғыны Мереке Назыров.
Тұрғындар заңсыз әрекет туралы сөз болмайтынын, үйге ешқандай ауыртпалық тіркелмегенін айтады. Сонымен қатар, қалалық тұрғын үй басқармасы пәтердегі қосымша құрылыстарды биыл ғана, көшіру қарсаңында рәсімдегендерін түсіндіреді. Бірақ үй ресми түрде 5 жыл бұрын авариялық деп танылғандықтан, заң онда кез келген қайта құру мен кеңейтуге тыйым салады.
«Қазіргі жағдайда авариялық үй тұрғындары заңсыз қосымша құрылыстар салып, оларды заңдастыратын көптеген жағдайлар анықталды. Осы бағдарлама аясында авариялық үйлердегі өз бетінше салынған қосымша құрылыстарды заңдастыруға заңнама жол бермейді», — деп түсіндірді Астана тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Райхан Джолдинова.
Қазір қала билігі мен тұрғындардың өзі авариялық барактағы қосымша құрылыстардың заңдылығы туралы дауға нүкте қою үшін сот процестеріне дайындалуда.


