Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, елдің агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға бағытталған үш стратегиялық жобаны іске асыруға кірісті. Бастамалар шегірткені бақылау үшін жасанды интеллектті енгізуді, топырақ жағдайын бағалау жүйесін құруды және отандық селекцияны дамытуды, соның ішінде әйгілі алма сорты – алматы апортын қайта жаңғыртуды көздейді, деп хабарлайды infohub.kz.
Жобалардың ресми тұсаукесері Астанада өткен кіріспе семинар барысында жасалды. Бұл семинар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ФАО арасындағы әріптестік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
«Әріптестік бағдарламасы – он жылға есептелген, Қазақстан үкіметі мен ФАО арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық тетігі. Оның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жәрдемдесу, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, заманауи технологияларды енгізу және озық халықаралық тәжірибені пайдалану», – деп түсіндірді АШМ-да.
Іс-шара барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі өңірлік өкілінің орынбасары Раймунт Йелемен кездесті. Тараптар қолданыстағы ынтымақтастық бағдарламасының іске асырылуын, одан әрі өзара іс-қимылдың келешегін, аграрлық салаға заманауи технологияларды енгізуді және ғылыми ынтымақтастықты дамытуды талқылады.
Ермек Кенжеханұлының айтуынша, жаңа бастамалар бойынша негізгі құжаттарды дайындау аяқталу сатысына жеткен. «Сарапшылар топтарымыздың бірлескен күш-жігерінің арқасында негізгі құжаттарды әзірлеу аяқталу сатысына шықты. Әрбір жобаның халықаралық стандарттарға және елдің АӨК дамытудың ұлттық басымдықтарына сай келуі маңызды. Жобалардың іске қосылуы отандық ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға айтарлықтай серпін беретініне сенімдімін», – деді вице-министр.
Бірінші жоба топырақтың органикалық көміртегін мониторингтеу, бағалау және растаудың ұлттық жүйесін құруды көздейді. Бұл жүйе жер ресурстарын тиімді басқаруға, топырақ құнарлылығын арттыруға және ұлттық көміртегі нарығын дамытуға ғылыми негіз болуы тиіс.
Екінші бағыт ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресті цифрландыруға байланысты. Шегірткенің таралуын бақылау және болжау жүйесін жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттары технологияларын қолдана отырып жетілдіру жоспарлануда. Бұл зиянкестердің таралу ошақтарын тезірек анықтауға, болжам дәлдігін арттыруға және шешім қабылдаудың жеделдігін көтеруге мүмкіндік береді.
Үшінші жоба – «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасын іске асыру. Бұл бастама отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға, өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтауға және қазақстандық ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын насихаттауға бағытталған.
«Осы бастама аясында қазақстандық бау-бақша шаруашылығының символдарының бірі саналатын аты аңызға айналған алма сорты – алматы апортын қайта жаңғыртуға және танымал етуге ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті ведомство.
Екі күн бойы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ФАО-ның, БҰҰ жүйесі агенттіктерінің, ғылыми-зерттеу институттарының, салалық қауымдастықтардың және жеке сектордың өкілдері жобалардың техникалық параметрлерін қарап, жылдық жұмыс жоспарларын бекітіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін айқындайды. Сондай-ақ семинар қатысушылары инновациялық технологияларды енгізу, климатқа төзімді ауыл шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау, табиғи ресурстар мониторингін жетілдіру және ауыл шаруашылығы тәуекелдерін басқару тиімділігін арттыру мәселелерін талқылайды.


