Қостанай облысында шетел азаматшасына үйленген жергілікті тұрғын жер учаскесін ала алмады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ұзынкөл ауданының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуын талдап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру конкурсы барысында өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Анықталғандай, Ұзынкөл ауданы әкімдігінің жер комиссиясы конкурс қорытындысын шығару кезінде кейбір қатысушыларға ауданда бес жылдан астам тұрғаны үшін негізсіз қосымша балл қосқан. Сонымен қатар, комиссия конкурстың бір лоты бойынша шетел азаматшасына үйленген Қазақстан азаматы қатысқанын ескермеген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға тұрмысқа шыққан ҚР азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншікке немесе жер пайдалану құқығымен берілмейді.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бұзушылықтар жойылды. Жер комиссиясы отырысының хаттамасы күшін жойды, ал жалпы ауданы 1129 гектар жеті жер учаскесі шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін азаматтарға беру мақсатында қайта конкурсқа шығарылады.


