Шетелде білім алу: University of Strathclyde
Роза Әрен — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің түлегі, «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының иегері. Қазір Ұлыбританияның Глазго қаласындағы University of Strathclyde магистратурада оқиды.
Стирлинг қаласында
Шетелге оқуға тапсыру процесі
Шетелде оқуды бұрыннан армандадым. Ағылшын тілін үйреніп, өзге елдерге барып, олардың менталитетімен, халқының салт-дәстүрімен танысуды әрдайым іштей қалайтынмын. Бірақ нақты қадамды 2016 жылы бастадым. Ең алдымен IELTS тестін тапсырдым. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Онда қазақ тілінен және психологиялық тесттен өттім. Ең соңында комиссия мүшелерімен интервью болды. Олар маған Ата Заңнан, Қазақстан тарихынан және мамандығыма байланысты сұрақтар қойды. Сонымен қатар, қандай университетте оқығым келетіндігін сұрады, өз саламның ерекшеліктері, кемшіліктері туралы сауалдар да қамтылды. Жалпы интервью қатты қиын болды деп айта алмаймын.
Эксетердегі тіл курсын аяқтаған сəт
Негізі, бір емес, бірнеше университетке құжат тапсырдым. Соның ішінде үш университеттен Unconditional offer яғни шартсыз шақырту алдым (оқу орнының барлық талаптарына сәйкес келіп тұрған кезде олар сізге шартсыз шақырту жібереді). Сол университеттердің арасынан University of Strathclyde таңдадым. Дəл осы университетті таңдаған себебім, біріншіден, менің оқитын модулдерім ұнады. Сондай-ақ, 2-курстан бастап мамандығым бойынша жұмыс істегендіктен менде бұған дейін жеткілікті практика болды. Сол себепті, магистратурада теория бойынша білімімді толықтырғым келді. Екіншіден, менің оқитын университетім Шотландияның Глазго қаласында орналасқан. Бұдан бұрын академиялық тіл курсын Англияда оқығандықтан, осы жолы Шотландияның табиғатын, халқын, өмір сүру салтын көргім келді. Бұл жер мені қатты қызықтырды.
Шетелдегі оқу мен өмір
University of Strathclyde оқу орны public research, яғни зерттеу университеті болып табылады. Университеттің негізін педагог Джон Андерсон 1796 жылы қалаған. Бұл 1964 жылы Ұлыбританиядағы алғашқы технологиялық университет болған. Университеттің екі кампусы бар: біріншісі, басты кампус ол Глазго қаласының дәл ортасында, ал екінші кампус қаланың батыс жағында орналасқан. Мен басты корпуста оқимын. Мұнда əлемнің жүзден астам елінен студенттер келіп оқиды. Менің салам Сommunication and Media Studies бойынша Ұлыбританиядағы ең үздік 10 университеттің қатарына кіреді. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Менің негізі əр күнім əртүрлі өтеді. Сабақтар бір күні таңертеңнен кешке дейін болса, келесі күні тек түске дейін болады. Ал кейбір күндері мүлдем сабақ болмайды. Сабақ жоқ күндері бос уақытымды кітапханада өткізуге тырысамын. Кітапхана таңертеңгі 7-ден түнгі 12-ге дейін ашық. Ал емтихан кезінде 24 сағат бойы жұмыс істейді. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Сондықтан, көбінесе кітапханада отырамын. Басқа студенттердің ізденіп, білім алып жатқанына қарап, мен де көбірек оқуға талпынамын. Қанша дегенмен, сабақты үйде оқығаннан гөрі кітапханада оқығанның орны бөлек. Ол жердің атмосферасы ерекше дер едім.
Оқытушылары жайлы
Маған сабақ беретін оқытушылардың арасында шотландықтар да, өзге ұлт өкілдері де бар. Глазгода тұрғындар осы қалаға тән шотландтық акцентпен сөйлейді. Яки, олар ағылшын тілінде өте тез сөйлейді əрі сөздің соңын жұтып қояды. Сондай-ақ кейбір сөздерді басқаша айтады. Мысалы «Иə» деген сөз «Yes» болса, бұл жақта оны «Aye (ай)» дейді. Есімде қалған бір қызық жайт, өзіме сабақ беретін шотландық оқытушымды алғаш көргенде «мына кісінің сабағын қалай түсінемін?» деп ойлап, кәдімгідей қобалжыдым. Себебі шотландық оқытушымның айтқан сөздерін онша түсінбедім. Бірақ, екі ай өткен соң құлағым шотландық акцентке үйренді. Бұрын сабағын қалай түсінемін деп қобалжыған оқытушымның айтқанын толық түсінетін халге жеттім. Оқытушыларымның барлығы өте білімді, мәдениетті жандар. Бұл жақта оқытушылар электронды поштамен өте жақсы жұмыс істейтіндігін атап өткім келеді. Жазсаң, уақытылы әрі толыққанды жауап беруге тырысады. Егер оның берген жауабына көңіліңіз толмаса немесе уақытылы жауап бермесе олардың үстінен шағымдануға да болады деп естідім. Бірақ, әзірге өзім олай жасаған жоқпын.
Әйгілі Стоунхендж
Оқытушыларымның арасында Шри-Ланкадан келген Чамиль деген профессорымды айрықша атап өткім келеді. Ол да біз сияқты шетелдік студент болған, жоғары оқу орнын АҚШ-та тәмамдаған. Сол себепті шетелден келген студенттердің жай-күйін жақсы түсінеді. Оны өзі де жиі айтады. Бізге «кезінде мен де сендер секілді бөтен елде оқыдым. Ағылшын тілі ана тілім емес. Сондықтан, кейде грамматикалық қателіктер жіберіп жатсаңдар, түсіністікпен қарауға тырысамын» дейді. Мен жазатын эссемнің тақырыбын таңдар кезде міндетті түрде оқытушымен ақылдасамын. Ол бізге әрдайым толыққанды жауап береді, кейде «мүмкін, мына тақырыпты алсаң қайтеді?» деп өз нұсқасын ұсынып отырады. Шынымды айтсам, барлық оқытушылардың арасында осы Чамильді ең helpful (көмек беруге әзір) ұстаз деп ерекше бағалаймыз.
Эссе жазу процесі
Қазақстанда жүргенде біз сыни пайым дегенге көп мән бермейтінбіз. Ағылшынша айтқанда, бұл — Critical thinking, тура аударғанда «сыни ойлау». Кез келген мәселеге сыни тұрғыдан қарау, оның ерекшеліктері қандай, кемшіліктері қандай, cоңында қандай қорытынды жасауға болады? Осылай сараптау жағы бұрын бізде кемшіндеу болды. Мектеп кезінде де мұғалім тапсырма берсе, сол тапсырманы оқып, тек түсінгенімізді қайталап беріп, баға алатынбыз. Сондықтан, бастапқы уақытта академиялық эссе жазған кезде сыни пайым жағынан қиналдым. Себебі жазған нәрсемнің барлығы descriptive, яки тек құр баяндау боп кете берді. Сынап, анализ жасаудың орнына, кейбір жерде тек сол тақырыпты мазмұндап беріп отырдым. Бірақ, уақыт өте келе, эссе жазуға да төселе бастадық, аз сөз жазсақ та, сапаға көбірек көңіл бөлу керектігін түсіндік. Сондай-ақ бұл жақта плагиат мәселесіне де қатты қарайтынын білетін боларсыздар. Тіпті плагиат үшін студенттің университеттен шығып қалу қаупі бар. Сол себепті студенттер әр тапсырманы еш жерден көшірмей, барынша мұқият орындайды. Қандай автордан ақпарат алсақ та, оған міндетті түрде сілтеме жасаймыз. Бұрынғыдай кейбір мәтінді қандай да бір дереккөзден көшіріп алуды ұмыттық. Одан бөлек, мұнда студент үшін тайм-менеджмент аса маңызды. Осы жаққа келгелі бері уақыттың қадірін түсіне бастағандаймын. Барлық тапсырманы уақытында орындап үлгеру үшін уақытты барынша тиімді пайдалану керектігін түсіндім. Әсіресе, дедлайн жақындағанда, бойыңда кәдімгідей стресс болады, қобалжисың. Берілген тапсырманы ойнап жүріп, салғырт қарап орындай салу деген жоқ. Кішкентай тапсырма болса да оның артында қаншама жұмыс тұрады. Бір тапсырманы орындау үшін сіз қаншама ғылыми мақалалар оқып, ізденесіз. Оның үстіне, ағылшын тілі туған тіліміз болмағандықтан, арасында грамматикалық қателер де кетуі мүмкін. Сондықтан, тапсырманы барынша мұқият орындауға тырысамыз.
Тұратын қаласы, сондағы бағалар туралы
Қазір Ұлыбританияның Глазго қаласында тұрып жатырмын. Глазго — Шотландияның ең үлкен қаласы. Бұл жер өте қымбат қала деп айтпас едім. Мен былтыр Эксетер (Англия) қаласында тұрғанымда ол қала мен үшін өте қымбат болды. Әрине, Қазақстандағы бағамен салыстырсақ, жалпы алғанда Ұлыбританияда бағалар өте қымбат. Ең арзан деген заттың өзі теңгеге аударсақ 400-500 теңге тұруы мүмкін. Ал Глазгоны Эксетер қаласымен салыстырғанда, сәл арзандау дер едім. Себебі бұл қала елдің солтүстігінде орналасқан. Мен бұрын студенттерден солтүстіктегі Глазго, Манчестер, Ньюкасл қалалары оңтүстіктегі қалаларға қарағанда арзандау деп еститінмін. Соған қазір көз жеткіздім.
Шотландтық жас жұбайлар
Ұлыбританияға алғаш келгенде басқа бір ортаға түскендей сезімде болдым. Өйткені тура осы елге бірінші рет келіп тұрмын. Мені ұшақтан ешкім қарсы алған жоқ. Өзім Лондонның Хитроу әуежайынан (London Heathrow Airport) түсіп, Эксетер қаласына баруым керек болды. Әйтеуір ел-жұрттан сұрап жүріп, Эксетер қаласына баратын пойызға отырдым. Сөйтсем, байқамай басқа бір пойызға мініп кетіппін. Одан түсіп қайтадан өз пойызыма отырып, жаңбырлы түнде Эксетерге келдім. Өзіңіз елестетіңіз, тас қараңғы, далада жаңбыр құйып тұр. Өмірімде көрмеген қала. Біртүрлі, бөтен. Такси жүргізушісі мені жатақханамның қасына емес, алыстау бір жерге апарып, түсіріп кеткенде «біткен жерім осы шығар» деп ойладым. Себебі, бұл қалада ешкімді танымаймын, қолымда жергілікті байланыс нөмірі де жоқ. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп, жатақханама (бұл жермен алдын-ала ғаламтор арқылы келіскенмін) жеттім. Алғашқы күндері басқа бір әлемге тап болғандай едім. Арада біршама уақыт өткен соң өзім сияқты шетелдік студенттермен танысып, жақсы араласып кеттім.
Қытайлық досыммен бірге
Ұлыбританияның жергілікті тұрғындарының барлығы дерлік Қазақстан жайлы біледі деп айта алмаймын. Мен тұрған қалаларда «Қазақстан деген қандай ел? Қай жерде орналасқан?» деп жиі сұрайды. Тіпті былтыр Эксетер қаласында оқып жүрген кезде Қазақстан жайлы көп сұрай берген соң, сабақ кестесінен арнайы бір күнді белгілеп, Қазақстан туралы слайд-шоу жасап, видео көрсетіп, өзіміздің бауырсағымызды пісіріп апарғанмын. Дегенмен, арасында біздің еліміз туралы білетін жандар да бар. Әсіресе, Шотландияда футболсүйер қауым Қазақстанды «Шахтер», «Астана» футбол клубтары арқылы білетіндігін байқадым. Жергілікті тұрғындар біздің сөйлеу мәнерімізге, мәдениетімізге, білімімізге қарап, Қазақстан жайлы ой түйеді деп ойлаймын. Сондықтан бізде жауапкершілік бар екенін сезінемін. Сол себепті Қазақстан туралы сұраса, барынша толық жауап беріп, өзімнің оқу үлгерімім, жүріс-тұрыс, мәдениетіммен елдің сыртқы имиджіне нұқсан келтірмеуге тырысамын.
Шетелдіктерге Қазақстанды таныстыру үстінде
Шетелде оқығысы келетін достарыма айтарым, жан-жақты болыңыздар, баратын еліңіз туралы алдын-ала ізденіп, жақсылап дайындалыңыздар. Уақыттарыңызды тиімді пайдаланыңыздар дегім келеді. «Болашақ бағдарламасына» құжат тапсырудан қорықпаңыздар. Кезінде бұл стипендия маған да қол жетпес армандай көрінген. Қазір көріп отырғаныңыздай, Шотландияда білім алып жүрмін. Демек, талпынсаңыздар, шынымен қаласаңыздар, сіздер де шетелде оқи аласыздар.
Белфаст қамалы
Шетелде оқып, өзге елдің менталитетін, өмір салтын, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын көріп, қандай да бір ой түю, оқу, өзге тіл үйрену, мұның бəрі өмірлік тәжірибе деп ойлаймын. Көңіл көкжиегің кеңейеді, бұрын басқаша қарап келген мәселелерге енді мүлдем басқа тұрғыдан қарай бастайсың. Салыстырасың, жақсысын алып, жаманына жоламауға тырысасың. Мен өзім әлі де оқып жүрген студент болғандықтан, талапкерлерге асып-тасып ақыл айта бергенім жарамас. Ең бастысы, өз болашақтарыңыз өз қолдарыңызда екенін ұмытпасаңыздар екен деймін.
Қания Табыс
Оқуға кеңес береміз:
Гонконгтағы оқуы мен өмірі, ондағы қиындықтары жайлы қазақ жігітінің әңгімесі