«Шин-Лайн» тобы мен Оңтүстік Кореяның ірі логистикалық компаниясы Lotte Global Logistics бірлескен кәсіпорын құру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Бастапқы кезеңдегі инвестиция көлемі шамамен 1 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жаңа компания сауда желілері мен интернет-дүкендерге тауар жеткізу қызметін көрсетеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжат 15 қыркүйекте Сеулде қол қойылды. Бірлескен кәсіпорын Shin-Line Lotte Global Logistics деп аталады. Ондағы Lotte Global Logistics үлесі 51%, «Шин-Лайн» үлесі 49% болады.
Компания 3PL-оператор ретінде жұмыс істейді, яғни бизнеске логистикалық қызметтердің толық кешенін ұсынады: тауарларды сақтау, тасымалдау, таңбалау және сатып алушыға жеткізу. Жаңа оператор сауда желілеріне, дискаунтер дүкендерге және онлайн-дүкендерге қызмет көрсетеді. Қызметтер «Шин-Лайн» компаниялар тобының өзіне де, үшінші тарап клиенттеріне де көрсетіледі.
«Шин-Лайн» компанияны жүк ағындарымен және дистрибуциямен қамтамасыз етіп, оған қойма қуаттары мен автокөлікті береді. Lotte Global Logistics өз кезегінде халықаралық логистикалық тәжірибе мен озық IT-басқару жүйелерін тартады.
Бірлескен кәсіпорын құруды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2027 жылы тараптар оның жұмысын жолға қоймақ, ал 2028–2031 жылдары 3PL-қызметтер нарығындағы қатысуын кеңейтеді. Компания ең алдымен Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Қазақстанның басқа да өңірлерінде қызметін дамытуды жоспарлап отыр.
Жобаны дайындау үшін 40 маманнан тұратын жұмыс тобы құрылды — әр тараптан 20 адамнан. Lotte Global Logistics «Шин-Лайн» командасымен бірлесіп жобаны әзірлеуге жауапты.
Тараптар жұмыстың аралық қорытындысын қыркүйекте талқылауды жоспарлап отыр. Қаржылық көрсеткіштер мен бірлескен кәсіпорын құру жоспары бар қорытынды есеп 2026 жылдың қазанында күтіледі.
Lotte Global Logistics — Оңтүстік Кореяның ірі конгломераттарының бірі Lotte Group құрамына кіретін халықаралық логистикалық оператор. Компания жеткізу тізбегін басқару саласында қызметтердің толық кешенін ұсынады.
Айта кетейік, «Шин-Лайн» сондай-ақ Қазақстанда корей технологиялары бойынша балмұздақ өндіруді бастау туралы келісімге келген. Сонымен қатар компания корейдің Hyundae Hospital клиникасымен бірге Алматыда оңтүстіккорей стандарттарына сай көпбейінді аурухана салғысы келеді.
«Шин-Лайн» қазақстандықтарға балмұздақ өндіруші ретінде танымал. Ол 1995 жылы құрылған. Оның брендтері қатарында «Мишка на полюсе» пломбиры, «Снеговик» және «Белочка» эскимостары, «Бомба» балмұздағы, «Джусики» жеміс мұзы және басқалары бар. «Шин-Лайн» құрылтайшылары — Андрей мен Наталья Шин.


