Өскемендегі Ана мен бала орталығында жыл соңына дейін Remebot RM-200 роботты жүйесі орнатылады. Бұл жүйе жоғары дәлдіктегі нейрохирургиялық операцияларды жүргізуге арналған. Жаңа жабдық Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының балаларына көрсетілетін көмек аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құны 433 млн теңгеден асатын жабдықтың бір данасын алуға сертификатты «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ШҚО-ға жұмыс сапары барысында Орталыққа табыс етті. Жабдық компаниялар тобының қайырымдылық қызметі аясында Samruk-Kazyna Trust қоры арқылы сатып алынуда.
Қазіргі уақытта Орталық үш өңірдің балаларына мамандандырылған нейрохирургиялық көмек көрсетіп келеді. 22 төсекке арналған бөлімшеде жоспарлы және шұғыл операциялар жасалады. Соңғы үш жылда мұнда ауыр эпилепсия түрлерін VNS-терапияны қолдану арқылы хирургиялық емдеу де жүргізілуде — 33 операция жасалған.
Қызметтің дамуындағы жаңа кезең роботты нейрохирургияны енгізумен байланысты. Remebot RM-200 мидың үш өлшемді моделін жасауға, операцияны алдын ала жоспарлауға және хирургиялық аспаптың траекториясын субмиллиметрлік дәлдікпен белгілеуге мүмкіндік береді. Оның көмегімен фармакорезистентті эпилепсия кезіндегі операциялар, ісіктердің аз инвазивті биопсиясы және басқа да күрделі араласулар жүргізіледі деп жоспарлануда.
«Біздің өңір үшін балалар нейрохирургиясының дамуы ерекше маңызға ие. Бүгінде Орталық мамандары үш облыстың балаларына көмек көрсетіп, күрделі операциялар жасап, заманауи емдеу әдістерін дамытуда. Жаңа жабдық бұл мүмкіндіктерді кеңейтіп, бұрын біздің өңірде қолжетімсіз болған технологияларды енгізуге жол ашады. Біздің міндетіміз — медициналық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту, мекемелерді заманауи жабдықтармен жарақтандыру және дәрігерлердің кәсіби өсуіне жағдай жасау. Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының балалары қажетті жоғары технологиялық көмекті дәл осында, Өскеменде ала алуы маңызды», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сактағанов.
Ана мен бала орталығының дамуы облыс әкімдігінің, денсаулық сақтау жүйесінің, медициналық мекеменің және серіктестердің қатысуымен жалғасуда. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Remebot жүйесін енгізуі күрделі нейрохирургиялық операциялардың балаларға тікелей өңірде қолжетімді болуына жасалған тағы бір қадам болмақ.


