Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Таврическое ауылында Altai Qus құс фабрикасының іргетасына капсула салынды. Кәсіпорын жылына 150 млн тауық жұмыртқасын өндіруге қауқарлы, инвестиция көлемі 5,5 млрд теңге, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Салтанатты рәсімге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жоба тауық жұмыртқасын өндіретін заманауи кәсіпорын салуды көздейді.
Рәсімде сөз сөйлеген Нұрымбет Сақтағанов жаңа кәсіпорынның маңызы тек Таврическое ауылы мен Ұлан ауданы үшін ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстан облысы үшін де зор екенін атап өтті. Құс фабрикасы жергілікті өнім өндірісін ұлғайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облыстың тауық жұмыртқасына деген қажеттілігінің шамамен 30%-ы өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі. Altai Qus жобалық қуатына шыққаннан кейін бұл көрсеткіш болжам бойынша 109%-ға дейін өседі. Осылайша, облыс ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көрші мемлекеттерге өнім жеткізуге де жағдай жасай алады.
Кәсіпорында цифрлық басқару жүйелерін, автоматтандырылған өндірістік желілерді және халықаралық сапа стандарттарына сай заманауи жабдықты енгізу жоспарлануда. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін мұнда 150 адамға дейін жұмыс істей алады.
«Біз үшін инвестициялық жобалардың тек жаңа өндірістік қуаттар құрумен шектелмей, өңірге нақты пайда әкелуі принципті түрде маңызды: жергілікті өндірісті дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі керек. Altai Qus құс фабрикасы Ұлан ауданының жаңа экономикалық өсу нүктесіне айналып, Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға салмақты үлес қосады деп сенемін», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар Ұлан ауданында жылына 20 млн дана өнім шығаратын күйдірілген кірпіш зауытының құрылысы басталды. Бұл жобаны іске асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Екі инвестициялық жобаны сүйемелдеу үшін аудан әкімдігі жер учаскелерін заңнама талаптарына сай рәсімдеуді қамтамасыз етті.
Altai Qus пен кірпіш зауыты жобаларын іске асыру Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін кеңейтуге, инвестиция тартуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.


