Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов атындағы ауылда Nomad Alemi фестивалі аясында спорттық бағдарлама өтті. Онда 70 жастағы зейнеткер 30 келілік қошқар мүсінін 40 рет көтерді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұйымдастырушылар қатысушыларға алты дисциплина бойынша сынақтан өтуді ұсынды. Олардың көбі көшпелілердің дәстүрлі мәдениетінен келген. Арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ләңгі, қошқар мүсінін көтеру, белбеу күресі және асық ату фестиваль алаңын үлкен спорт аренасына айналдырды. Мұнда балалар, жастар мен аға буын өкілдері қатар жүрді.

Қонақтардың ерекше назарын 30 келілік қошқар мүсінін көтеру (отырып-тұру) тартты. Сынақ шынымен ауыр болды, алайда қатысушылар үшін жас басты кедергі бола қоймады.

Осы алаңның нағыз жұлдызы 70 жастағы апа болды. Ол 30 келілік снарядты 40 рет көтеріп, тек көрермендерді ғана емес, қатысушыларды да таңқалдырды.

Фестивальдің спорттық шараларына барлығы екі мыңнан астам адам қатысты.