Шығыс Қазақстан облысында құны 80 млн теңге болатын мүліктік кешенге қатысты алаяқтық туралы қылмыстық іс тергеушілерге алғыс айтумен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтің жеке қабылдауында Өскемен тұрғыны Гүлнар Қуанбаева алаяқтық туралы қылмыстық істі тергеген қызметкерлерге алғысын білдірді. Іс барысында бір топ адам алдау жолымен құны 80 млн теңге болатын мүліктік кешенді иемденіп кеткен.

«Тергеу күрделілігімен және материалдардың көлемділігімен ерекшеленді. Процестік шешімдердің бірнеше рет қайта қаралуы қызметкерлерден табандылықты, мұқият талдауды және жұмыстың әр кезеңіне ұстанымды көзқарасты талап етті», — деп атап өтті ШҚО ПД-да.

Әйел тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Жанара Меирбековаға және Самар ауданы ПБ тергеу жөніндегі бастығының орынбасары, полиция майоры Айдын Далабаевқа ерекше алғыс білдірді. Ол олардың кәсібилігін, жауапкершілігін және тергеуге қосқан жеке үлесін атап өтті.

Гүлнар Қуанбаева істің ұзаққа созылғанын қосты. Барлығы 2020 жылы басталған. Сот төрінде 6 адам тұрды. Нәтижесінде төртеуі алаяқтық үшін 5 жылдан бас бостандығынан айырылды, ал екеуі ұрлық үшін сотталды.

Еске салайық, бұған дейін бұл іс бойынша алты адамның алаяқтық пен ұрлық үшін сотталғаны, алайда апелляциялық алқа үкімді жойып, барлығын ақтағаны белгілі болған еді.