Швецияда қылышпен қаруланған ер адам мектепке шабуыл жасап, екі жасөспірім зардап шекті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға Фагерста қаласындағы Бринеллсколан мектебінде жергілікті уақыт бойынша 14:00-ден кейін (Астана уақытымен 17:00) болды. Белгісіз адам оқу орнына басып кіріп, екі жасөспірімді жарақаттады, олар ауыр жарақат алды.
Полиция шабуылдаушыны ұстады, ол да зардап шекті. Жергілікті БАҚ деректеріне сәйкес, оны полицейлер аяғынан жаралаған. Аудандағы сегіз мектеп уақытша жабылып, өңірде жоғары дайындық режимі жарияланды. Алайда кейін полиция қазіргі уақытта тұрғындарға қауіп жоқ екенін хабарлады.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон шабуылды ауыр оқиға деп атап, бұл әрекеттің себебін білмейтінін, бірақ полиция қарқынды жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Бринеллсколан оқушылары жазғы демалыстан кейін сабаққа жаңа ғана оралғаны атап өтіледі.


