Негізгі түпкілікті иесі кәсіпкер Бибигүл Жұманова болып табылатын «Алтын Констракшн» құрылыс компаниясы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 млрд теңге таза пайда тапты. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 151,8 млн теңге еді, яғни бір жылда дәл 10 есеге өсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Компанияның 2025 жылғы түсімі 19,4 млрд теңгеге жетті, ал 2024 жылы 4 млрд теңге болған — 4,8 есеге өсім. 2025 жылдың соңында бөлінбеген пайдасы 1,9 млрд теңгені құрады. Бір жылда қызметкерлер саны 77 адамнан 65 адамға дейін қысқарды.

Алматыда тіркелген «Алтын Констракшн» компаниясының қожайындары — 53 жастағы Бибигүл Жұманова (95%) және 55 жастағы Берік Дауылбаев (5%). Екеуі де жеке кәсіпкер мәртебесіне ие.

Бибигүл Жұманова бірқатар компаниядағы үлеске иелік етеді: Altyn Land (Шымкент), «Арман» гимназиясы (Шымкент), «Алтын Балықтар» (Алматы), Vanya.Lux (Шымкент), сондай-ақ Түркістан облысы Сайрам ауданының Манкент ауылындағы Beef Farm ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.

Берік Дауылбаев «Мелиоратор» (Қызылорда), «Алтын Балықтар» (Алматы), «СП Қызылорда Цемент» (Қызылорда), «НПЦ «Промбез-Эксперт» (Шымкент), «Стандарт 2021» (Қызылорда), «Үсіктас Елі» (Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Шақпақ ауылы), «Сары Тау Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Шақпақ ауылы) және Beef Farm ауыл шаруашылығы кооперативі (Түркістан облысы Сайрам ауданының Манкент ауылы) сияқты компаниялардағы үлеске иелік етеді.

Компанияның қызмет түрлерінің қатарында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, көтерме сауда және басқа да бағыттар көрсетілген.

Ашық дереккөздердің мәліметінше, «Алтын Констракшн» Шымкентте тұрғын үй кешендерін салып, сатады. Атап айтқанда, Instagram желісінде altyn_construction аккаунты жұмыс істейді, ол арқылы Шымкенттегі «Бозарық» және «Адия» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен коммерциялық үй-жайлар сатылады. Коммерциялық үй-жайлар шаршы метрі 200 мың теңгеден бастап, ал бес қабатты кірпіш «Бозарық» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер шаршы метрі 410 мың теңгеден сатылуда. Компания пәтерлерді Отбасы банкінің жеңілдік бағдарламалары арқылы да сатып алуды ұсынады.

2022 жылы компания Шымкенттің Абай ауданында (Самал шағын ауданында және Жаңақұрылыс көшесінде) екі ғимарат сатып алды, олар Halyk Bank қарызы бойынша кепіл ретінде тұр. 2025 жылдың соңында компания ағымдағы банктік шоттары мен депозиттерінде 5 млрд теңге ұстады (бір жыл бұрын — 647,4 млн теңге).

«Алтын Констракшн» 2026 жылы 425,6 млн теңге, 2025 жылы — 1,3 млрд теңге, 2024 жылы — 299,3 млн теңге салық төледі. 2025 жылдың соңында компанияның қызметкерлер саны 138 адамды құрады, бір жыл бұрын 64 адам еді.