Шымкенттік әйел сот арқылы өз атынан берілген сенімхаттар мен тұрғын үй мен жер учаскесінің және пәтердің сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп танытты. Ол әрекет қабілетсіздігі салдарынан іс-әрекетін түсінбегенін айтты, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқиға әйелдің атынан ресімделген сенімхаттар бойынша жылжымайтын мүліктің сатылуынан басталды. Нәтижесінде ол баспанасыз қалып, туыстарында тұруға мәжбүр болды.
Сотта талапкер сенімхаттардың берілу жағдайын да, құжаттарға қол қою сәтін де есіне түсіре алмайтынын айтты. Оған қоса, сол кезеңде облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген.
Іс бойынша жауапкерлер екі нотариус және үш туыс болды. Олар сенімхаттарды алып, әйелдің үйі мен жер учаскесі және пәтеріне билік еткен.
Шешуші рөлді сот-психиатриялық сараптама атқарды. Мамандар әйелдің 2019 жылдан бері есте сақтау, ойлау және интеллектуалды қабілеттерінің бұзылуымен қатар жүретін органикалық жеке бастың бұзылуымен ауыратынын анықтады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, сенімхаттарға қол қойылған күні ол өз іс-әрекетінің мәнін түсіне және оны басқара алмаған.
Бұл тұжырымдар медициналық құжаттар, бірнеше рет емханаға жатқызу, диспансерлік бақылау және клиникалық тексеру нәтижелерімен расталды.
«Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты істі қарау барысында жауапкерлер әйелден сенімхаттар алып, оның атынан әрекет етіп, оған тиесілі жылжымайтын мүлікке билік еткенін анықтады, соның салдарынан талапкер баспанасынан айырылып, туыстарында тұруға мәжбүр болды», – деп атап өтті сотта.
Соңында тараптар бастапқы қалпына қайтарылды, ал әйелдің мүліктік құқықтары қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енді.


