Шымкентте А-2 айналма жолының құрылысы үш үйдің тұрғындарын алаңдатты: олар қабырғалардағы жарықтарға шағымданып, топырақтың опырылуынан қорқады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Магистраль салу кезінде қазылған топырақ тұрғын үйлердің дәл қасына үйілген — топырақ үйінділерінің биіктігі терезеге жеткен. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл жағдай жол құрылысы басталғаннан бері жалғасып келеді, ал бір жарым метрлік үйіндіні олар өздері тазалауға мәжбүр болған.
«Бәрі де бос уәде беріп отыр. Алда қыс. Ертең жаңбыр немесе қар жауса, үйдің алды түгел лас болады. Біз қалай жүреміз? Оның үстіне, бұл биік үйінді жаңбыр кезінде сырғып кетуі мүмкін. Осы мәселелерді тезірек шешсе екен деп қалаймыз», — деді қала тұрғыны Әбдірахман Жорабеков.
Бұрын жол үйлерден 20 метр жерде өткен, бірақ сонда да көптеген көлік шұңқырға түсіп қалатын, дейді тұрғындар. Енді жол жақындаған соң адамдардың қорқынышы күшейе түскен. Тұрғындардың айтуынша, тамыздан бері жалғасып жатқан құрылыс жұмыстарынан жақын маңдағы үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болған, ал жаңбырлы ауа райында жағдай одан әрі нашарлайды деп алаңдайды.
«Жаңбыр жалғаса берсе, қабырғалар құлап қалады деп қорқамыз. Оларды мына кішкентай қабырға ғана ұстап тұр. Жаңбыр үнемі жауса, ол шыдамайды. Қабырғаларымыз суланып жатыр. Ас үй түгел су мен ласқа толады», — деп шағымданды тұрғын Дана Андасова.
«Қазір салынып жатқан осы жолда апат болуы мүмкін, ол біздің үйге қауіп төндіруі ықтимал. Бұл қауіпті. Ештеңе болмай тұрып, үйді бұзып, бізді осы жерден көшірсін деп сұраймыз», — деді тұрғын Бақыт Әбілдаев.
Алайда мердігер компанияның өкілі тұрғындармен келіспейді. Ол барлық жұмыстың талапқа сай жүргізіліп жатқанын, топырақты үйлердің қасына үю де жобада қарастырылғанын айтады.
«Біз алдымен топырақты алып, содан кейін тіреуіш қабырғаны құя алмаймыз. Бұл сметада әу бастан қарастырылмаған. Сондықтан өз ұсынысымызды енгіздік. Топырақ опырылуы мүмкін екенін ескертіп, қоршау тұрғызып, барлық жұмыс біткен соң бәрін алып тастауды ұсындық. Ұсынысты көлік бөліміне бердік, оны қолдады», — деп түсіндірді мердігер ұйым өкілі Мақсат Маратбайұлы.
Мамандар биіктігі 6 метр болатын бетон тіреуіш қабырға орнатуды жоспарлап отыр, жұмыс жақын арада басталады. Үй қабырғаларында пайда болған жарықтар туралы нақты жауап берілмеді: тұрғындарға зақымның құрылыс жұмыстарына байланысты екенін анықтау үшін сараптама жүргізу қажет екені түсіндірілді.


