Шымкентте төрт блогер жалдамалы пәтерде TikTok желісінде тікелей эфир жүргізіп, «күңкіл газ» пайдаланған және былапыт сөйлеген. Сот оларға әкімшілік қамау жазасын тағайындады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, эфир барысында қатысушылар былапыт сөздер айтып, «күңкіл газ» пайдаланған.
«Эфирге қатысушылар — Түркістан облысының тумасы, желіде «Ақ жолбарыс» деген лақап атпен танымал 31 жастағы Аппаз Бексұлтан, Қызылорда облысының тумасы, «Сампо» деген атпен танымал 22 жастағы Амир Самат, Маңғыстау облысының тумасы 25 жастағы Жолдас Нұрғазы және Түркістан облысының тумасы 26 жастағы Жұмағұл Ерасыл Шымкенттегі жалдамалы пәтерде болғаны анықталды», — делінген хабарламада.
Аталған төрт адамның барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
«Сот шешімімен Аппаз Бексұлтан 17 тәулікке, Амир Самат 5 тәулікке, Жолдас Нұрғазы 7 тәулікке, Жұмағұл Ерасыл 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — деп қосты полиция өкілдері.
Еске салайық, Алматыда Instagram парақшасында былапыт сөйлеген ер адам 5 тәулікке қамауға алынған болатын. Ал бұған дейін Алматылық блогерлер әдепсіз мазмұндағы материалдар үшін және тікелей эфирлерде былапыт сөйлегені үшін қамауға алынған еді.


