Шымкенттегі Достық көшесінде бес жұп егіз тұрады. Олардың он баласы бір-біріне жақын орналасқан үйлерде дүниеге келген. Ең кішілері мектепке енді дайындалып жатса, үлкендері өз отбасын құрып үлгерген. Бұл ерекше оқиға туралы Kursiv LifeStyle хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Otyrar.kz мәліметінше, ең кіші егіздер Айбар мен Айдарға қазір төрт жас. Ата-анасы балаларын нағыз батыр болып өссін деген тілекпен осылай атаған. Сырттай ұқсас болғанымен, мінездері мүлдем бөлек: бірі сабырлы әрі тыныш, екіншісі тентек әрі ұрыншақ.

Тағы бір жұп — Мәншүк пен Әлия мектепті бітірген. Екеуі де волейболмен айналысып, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Дегенмен, қыздардың қызығушылықтары әртүрлі: Мәншүк бала кезінен сурет салуға әуес, шығармашылық байқауларға қатысқан, ал Әлия шет тілдерін жақсы көреді.

Көшедегі ең үлкен егіздер — Айгүл мен Әсел. Екеуі де 25 жаста, отбасын құрып, жеке тұрып жатыр. Қыздар бала кезінен музыкамен айналысып, өнерге қызыққан.

Олардың отбасында егіздер сирек емес екен. Айгүл мен Әселдің арғы әжесі 16 бала дүниеге әкелген, оның үш ретінде егіз болған. Әкелері Қанат Қалтайұлы бала кезінде қыздарын ажырату қиын болғанын еске алады.

Осы үш жұптан басқа, көшеде тағы екі жұп егіз тұрады. Бірі балабақшаға барады, ал Фатима мен Зухра есімді қыздар бастауыш сыныпта оқиды.

Шымкент — Қазақстанда егіздер мен үшемдер жиі туатын аймақтардың бірі. 2024 жылдың алғашқы алты айында қалада 151 егіз және үш үшем дүниеге келген.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда екі мыңға жуық отбасында егіздер дүниеге келгенін жазған.