Шымкентте көршілер арасындағы жанжал 65 жастағы ер адамның өлімімен аяқталды. Марқұмның туыстарының айтуынша, жанжалдың болжамды себебі — кондиционер, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін Шымкентте 65 және 39 жастағы ер адамдар арасында жанжал болғаны хабарланған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбада жас көршінің қарияға бірнеше рет соққы бергені көрінеді. 65 жастағы зардап шеккен азамат есін жия алмады — келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Күдікті қашып кеткен, алайда кейін ұсталды. Кейінірек полиция трагедия жөнінде мәлімдеме жасады.
Бүгін марқұмның туыстары журналистерге болған оқиғаның болжамды мән-жайын айтты. Олардың сөзінше, бәрі марқұмның алты жасар немересінің көзінше болған: бала атасын қорғауға тырысып, қорқыныштан айқайлаған.
«Ол: "Атамды ұрмаңдар!" деп айқайлады, ол көршіні таниды ғой. Бірақ ол бәрібір ұра берді. Жай ғана құлатып, кетіп қалса да болар еді, бірақ ол қозғалыссыз жатқанда қайта келіп, тағы да ұрды. Содан кейін олардың ауласына кіріп, кондиционерді алып, кетіп қалды. Қандай қатыгездік! Ол 38 жаста, ал марқұм 65 жаста еді», — деді марқұмның туысы Момынжан Имамов.
Тағы бір туысы Мұхаммед Имамов «жанжал кондиционерге байланысты болды, олардың бөлісетін басқа ештеңесі жоқ еді» деп мәлімдеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдіктінің отбасы осында 20 жылдай тұрады, оның анасы педагог болып жұмыс істейді. Туыстары трагедияның алдында ер адамның марқұм қарияның ұлымен жанжалдасқанын, ол кезде оның елде болмағанын айтады.
Қазір қылмыстың мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Полиция абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.


